Девятый Республиканский творческий конкурс «Наурыз — көктем мейрамы» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана

 

 

 

Тәрбиедегі жеке тұлғаға бағытталған әдіс-тәсілдер

IV международный творческий конкурс «Весна идёт — весне дорогу!» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана, стран ближнего и дальнего зарубежья

 

 

Утешова Жанар Жаскайратовна, Тарих, құқық және экономика негіздері пәнінің оқытушысы, Орал ақпараттық технологиялар колледжі, Орал қаласы

Утешова Жанар Жаскайратовна, Тарих, құқық және экономика негіздері пәнінің оқытушысы, Орал ақпараттық технологиялар колледжі, Орал қаласы
 

«Тәрбие біздің жүрегімізге, ең алдымен, жеке адамға да, қоғамға да пайдалы әдеттердің дәнін себуі керек»

К. Гельвеций

І Кіріспе

Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев ұсынған «Қазақстан — 2030» стратегиясында негізгі бағыттардың бірі ретінде халықтың ұлттық моделі мен салт-дәстүрлерін есепке ала отырып, білімі мен білігі жағынан өркениетті елдердегі замандастарымен қатар тұра алатын, бойында ұлттық, отаншылдық рухы мықты қазақстандықтардың жаңа ұрпағын тәрбиелеу қажеттігі баса айтылған.

Иә, адам тәрбиелеу — ұлы міндет. Ұлы міндет қашаннан да ұлы күреспен ғана жүзеге асырылатыны хақ. Олай болса, XXI ғасырдың жастары қандай болмақ? Қазір заман талабына сай, бәсекеге қабілетті ұрпақ тәрбиелеу басты мақсат болғандықтан, бүгінгі тәрбиеге жаңаша көзқарас мәселесі оны іске асырушы оқытушыға да жаңаша талап қойып отыр.

Жасөспірімдердің білімі қалыпты болса да тәрбиесі жеткіліксіз болуының қоғамға тигізер кесірі мол. Қоғам өркендеп, заман көркейгенмен жаны азған, тілден, діннен безген, арбау мен алдау, кісі өлтіру мен ұрлық, әділетсіздік пен қайырымсыздық сияқты келеңсіз жағдайлардың кездесуі — ата-ана, оқу орны, жұртшылық тарапынан тәрбиенің кеміс түсіп жатқанының айғағы. Сондықтан қазіргі таңда оқу орындарының алдында тұрған өзекті мәселелердің бірі — білім берумен қатар тәрбие жүйесін жетілдіру. Колледждегі тәрбие жұмысы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2015 жылғы 22-сәуіріндегі № 227 бұйрығымен бекітілген «Тәрбиенің тұжырымдамалық негіздері» бағдарламасына негізделіп құрылды.

Колледждегі 2015-2016 оқу жылындағы тәрбие жұмысының әдістемелік тақырыбы — тәрбиедегі жеке бағдарланған әдіс-тәсілдер сапалы маман даярлаудағы бір шарт негізінде болып отыр. Тәрбиенің негізгі мақсаты — жеке бағдарланған тұлғаны дамытудағы толыққанды, парасатты, дені сау, ұлттық сана сезімі оянған, рухани ойлау дәрежесі биік, мәдениетті, ар-ожданы мол, еңбекқор, іскер азаматтың бейнесін қалыптастыру.

ІІ. Негізгі бөлім

Жеке тұлғаға бағытталған тәрбие — бұл жеке тұлғаның адамгершілік сапаларын жалпы адамзат құндылықтарының негізінде дамыту және олардың дамуына қажетті педагогикалық жағдай жасау. Дәстүрлі тәсілдерден жеке тұлғаға бағытталған тәрбиенің айырмашылығы — онда оқу орны оқушылардың дара қызығушылықтары мен жеке тәжірибе жинақтауы нәтижелі түрде іске асатын дамытушы ортаны ұйымдастырып, оқушылармен жүргізілетін оқудан тыс жұмыстар жүйесін құрады.

Жеке бағдарланған тұлғаны тәрбиелеу рухани құндылықтардың қайнар көздері негізінде және оны жеке тұлғаның қабылдауы арқылы жүзеге асады.

1 — сызба. Рухани құндылықтар

Қазақстан Республикасының «Білім туралы» Заңында білім беру жүйесінің негізгі міндеті — баланың даралығын дамыту, тәрбиелеу және оқыту үшін жағдайлар жасау арқылы интеллектін байыту, бала тұлғасының рухани және дене мүмкіндіктерін ашу екендігі ерекше аталған. Жеке тұлғаның қалыптасуы мен дамуында мына негізгі факторлардың ықпалы зор. Олар: оқу орны, қоғам және отбасы.
Адам тәрбие негізінде жетіліп қалыптасады. Адам болашағын шешетін де тәрбие екендігі ежелден белгілі. Адам өмірінде тәрбие мәңгілік категория болса, оны ұйымдастыру, жүзеге асыру еш уақытта ескірмейтін, қайта күн озған сайын жаңарып, әрбір кезеңнің өз талабына сай жетіліп отыратын үздіксіз үрдіс деп түсінеміз. Білім беру жүйесі алдында оқушыны ойлауға, алдынан шығатын түрлі мәселелерді шешуге қажетті әрекет тәсілдерін үйрету міндеті тұр. Осы орайда өзімнің тәжірибемде топ жетекшісі ретінде оқушыларды колледж қабырғасына келген күннен бастап, рухани құндылықтары мен мүмкіндіктерін байқау барысында сауалнама өткізуден бастаймын.

2 — сызба. Оқушылармен жүргізілетін оқудан тыс жұмыстардың жүйесі

Оқушыларды белсенді іс — әрекетке ынталандыру, олардың танымдық қызығушылықтарын дамыту, сыныптан тыс іс — шараларды ұйымдастырудың жаңа формалары мен әдістерін тиімді қолдану арқылы балаларды шығармашылыққа баулу іс — әрекеті оқытушыны ізденіске, өзін — өзі дамытуға, кәсіби шеберлігін жетілдіруге үнемі жетелеп, ынталандыруға тиісті. Өйткені белсенді ұстанымға ие, ізденімпаз, шығармашыл педагог ғана оқушыларды жетістіктерге жетелеуге қабілетті болады.

Жеке тұлға мен қоғамдық ортаның қарым — қатынасы философия, психология, педагогика, т. б. қоғамдық ғылымдардың көптен айналысып жүрген көкейкесті мәселелері. Адам баласы материалдық және рухани өмірдің ортасында тіршілік етеді де, өзі өмір сүріп отырған қоғамның, ұжымның, ұлттың, рудың мүшесі ретінде өзіндік ақыл — парасатымен, жеке бастың өзіне тән ақыл — ой, ерік — жігер, мінез — құлық ерекшелігімен көрінуге тырысады. Адам дамуына қоғамдық орта айтарлықтай ықпал жасайды.
Қоғамның белсенді мүшелерін дайындау мақсатында оқушылардың өзін — өзі тәрбиелеу ісін жетілдіру үшін олардың жас және дербес ерекшеліктерін еске алып, оқу — тәрбие жұмысының барысында сана — сезімін ояту, өз бетінше жұмыс істей білуге үйрету — оқу орнының басты міндеті. Оқушының өзін — өзі тәрбиелеу белсенділігін қоғамдық жұмыстарға араластыру арқылы дамытуға болады. Оқушылардың жас ерекшеліктері мен жеке қабілеттерін ескере отырып, түрлі қоғамдық іс — әрекеттермен қамтамасыз ету керек. Соның бір мысалы — оқушылардың өзін — өзі басқару ұйымы.
Оқушылардың өзін — өзі басқару ұйымы оқу орнының ажырамас, қажетті атрибуты болып табылады және оқушылардың өзін де, қоғамды да жетілдіруге қабілетті, өздігінше дамитын тұлғаның қалыптасуына мүмкіндік туғызады. Мұндай оқудан тыс жұмыстар колледж қабырғасында және класс сағаттарында жиі өткізіліп тұрады. Сыныптан тыс шаралар оқушылардың ұйымшыл, тәрбиелі болуына үлкен септігін тигізеді.

3 — сызба. Отбасында балалардың тәрбие процесіне ықпал жасайтын жағдайлар

Отбасының өзіне тән ерекше қызметтері бар. Олар халықтың өсуі, адамзат ұрпағын әрі қарай жалғастыру, қажеттілік, шаруашылық қызметі, отбасы мүшелерінің өзара және туған — туысқандарымен қатынас жасау қызметі.

Ата — аналардың ізгі қасиеттерді баланың бойына сіңіре білуі — отбасы тәрбиесінің мақсаты, борышы, міндеті.

4 — сызба. Ата-аналармен ынтымақтастық және өзара іс-әрекет жасау жүйесі

Ата — аналармен ынтымақтастыққа бағытталған жүйелі түрде ойластырылған жұмыстар ата — аналар қауымдастығы мен оқу орнының ортақ міндеттерін іске асыруды көздейді. Осы орайда топ жетекшісі ретінде топ оқушыларының ата-аналарымен жиі кездесу, ата-аналар жиналысын өткізу дәстүрге айналған.

Қазіргі кезеңде білім ғылым саласында инновациялық педагогикалық технологиялар қаншалықты маңызды болса, тәрбие бағытында да заманауи технологиялар ұғымы кеңінен қолданылатын ұғымдардың біріне айналды. Тәрбиенің жаңа педагогикалық технологияларды қолдану негізінде келешек ұрпақтың еркін дамуына, жан-жақты білім алуына, белсенді, шығармашыл болуына жағдай жасау қазіргі таңдағы әрбір педагогтың міндеті.

Заманауи тәрбие технологиясы — тәрбие мақсаттарына қол жеткізуге мүмкіндік беретін оқыту формаларының, әдістерінің, жолдарының, тәсілдерінің және тәрбие құралдарының жиынтығы. Бұл дамыту, оқыту және тәрбие процестеріне ықпал ететін тәсілдердің бірі.

Ойын технологиясының мақсаты дидактикалық, тәрбиелік, дамытушылық, әлеуметтендірушілік мақсатқа жету. Ойын технологиясының ерекшелігі оқушының бойындағы білімділік, танымдық, шығармашылық қасиеттерін аша түсуді көздейді. Іскерлік және тағы басқада ойындар оқушыларға өмірде кездескен қиыншылықтарды жеңу жолын үйретіп қана қоймайды, олардың ұйымдастырушылық қабілеттерін де қалыптастырады. Ойын технологияларын өзім тәрбие сағаттарында жиі қолданамын. Кейде мұндай шаралар психологтың көмегімен де іске асып жатады.

Проблемалық технология — оқушыны өз бетімен ізденуге үйретеді, танымдық және шығармашылық қабілеттерін дамытады. Яғни, оқушылардың белсенділігін арттыру, шараға қызықтыратындай мәселе тудыру, оқушы материалды сезім мүшелері арқылы ғана қабылдап қоймайды, білімге деген қажеттілігін қанағаттандыру мақсатында меңгереді. Бұл технология көбіне көп оқушыларға шығармашылық тапсырма беруден көрініс табады.

Өздігінен даму технологиясы — бұл оқушыны жан-жақты дамыту, дербестікке тәрбиелеу, санасында нәрселер әлемі мен ойлау әрекетінің бірігуі, мұнда тәрбие үрдісі оқушының дамуына сәйкес табиғи болуы керек, сонда ғана ол өзін дамыта алады. Бұл технологияның ерекшелігі оқытудың бірыңғай бағдарламасы болмайды, әркім табиғат берген даму жолымен жүреді. Әр оқушының іс-әрекеті өз еңбегіне орай үлкендердің, құрбылар тарапынан бағаланады. Мұндағы басты мәселе оқушы өзін-өзі бағалайды.

Ынтымақтастық педагогикасы — педагогтың талап ету педагогикасынан қарым-қатынас педагогикасына көшуі. Оқушыға ізгілік тұрғысынан қарау, оқыту мен тәрбиенің ажырамас бірлігі. Сонымен қатар, оқушының басына ізгілік қарым-қатынас, екеуінің арасындағы өзара түсінушілік, ынтымақтастық қарым-қатынас жасау. Бұл технологияның негізгі мақсаты — оқушыны азамат етіп тәрбиелеу, олардың танымдық күшін қалыптастыру және дамыту, оқушының жаны мен жүрегіне жылылық ұялату.

Дамыта оқыту технологиясы — оқушыны оқыта отырып, дамыту. Оның бойында еркіндік, мақсаткерлік, ар-намыс, мақтаныш сезім, дербестік, адамгершілік, еңбексүйгіштік, белсенділік т. б. қасиеттер дамыту.

Біздің колледжде «Жеке бағдарланған тұлғаны тәрбиелеуде» рухани-адамгершілік тәрбиенің бағыттарына сай негізделген тәрбие жұмысы жүргізіліп, жан-жақты дамыған, құзыретті, жігерлі де қайсар, белсенді жастар тәрбиеленіп, қазіргі студент, ертеңгі маманның ұлттық санасын, патриоттық сезімін қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізіледі.

Сонымен қатар колледжде жеке тұлғаның санасын қалыптастыруда мынадай әдістер қолданылады.

  • этикалық әңгіме;
  • пікірталас;
  • түсіндіру;
  • өнеге;
  • сендіру;
  • көндіру (суггестия).

Этикалық әңгіме — оқытушы оқушылармен әңгімелескенде, олардың ойын тыңдап, онымен санасады, ынтымақтаса жұмыс істеп, адамның мінез-құлқына, жүріс-тұрысына қойылатын талаптарды бұзған оқушылардың іс-қылықтарын талдайды. Әңгімені бастауға себепші болатын балалардың теріс қылықтары. Оқытушы тәртіп бұзған оқушылармен жеке сөйлесіп, оның кателігін өзіне әдепті түрде түсіндіреді.

• Пікірталас. Пікір білдіру, баға беру оқушының дүниеге сенімін арттырып, ондағы қателіктер мен кейбір адамдардың жалған көзқарастарымен күресуге үйретеді.

• Түсіндіру. Бір топқа, жеке оқушыларға жаңа ережелер басқа адамды құрметтеу, өзін басқа кісінің орнына қою, т. б. түсіндіріледі. Оқытушы адамшылық қасиет туралы оқушының пікірін сұрап, оқушыны жақсы сапалардың қажеттігіне сендіріп, оқушыны теріс қылығы үшін ұялтып, түзелуге бағыттайды.

• Өнеге. Оқытушы оқушыларға әдебиеттегі және өмірдегі түрлі кейіпкерлерді үлгі еткенде оқушы өзінің ішкі жан-дүниесіне үңгіле бастайды. Жеткіншектер өздері таңдаған адамдарына еліктейді.

ІІІ. Қорытынды

Тәуелсіз мемлекетіміздің ертеңі қазіргі ұрпақтың рухани байлығы, мәдениеті, саналы ұлттық ойлау қабілеті мен біліміне байланысты. Кез келген халық ұрпағының тәрбиесіне терең мән беріп, болашағына үнемі алаңдаушылықпен қараған. Еліміздің әлемдегі бәсекелестікке қабілетті отыз елдің санатына қосылу үшін білім беру жүйесінде де күрделі өзгерістердің туындайтыны белгілі. Сондықтан да қазіргі оқу — тәрбие ісінде сараптай және дұрыс шешім қабылдай алатын және оларға жауапты болатын тұлғаның тәрбиесі қажет. Ал оқу орны, қоғам және отбасының басты мақсаты — жас ұрпақты азамат ретінде сезінуіне ықпал етіп, өзін толық іске асыруына, өзінің әлеуметтік рөлі мен өмірлік мұратының мәнін ұғынуына, интеллектуалдық әлеуетін көтеруге және әрбір жеке тұлғаның өзіндік ішкі мүмкіндіктерін толық пайдалана білуге үйрету болып табылады. Еліміздің әрбір жеткіншегін дара тұлға ретінде жетілдіру, оның шығармашылық қабілеттерін құзыреттілік тұрғыда дамыта отырып нағыз ел азаматы етіп тәрбиелеу — бүгінгі күннің кезек күттірмес мәселесі.

Әдебиеттер:

  1. Қазақтың тәлімдік ой-пікір антологиясы. - Алматы, 1994.
  2. Р.Қоянбаев. Тәрбие теориясы. — Алматы, 1991.
  3. Бұзаубақова Қ. Ж. Жаңа педагогикалық технология. — Тараз, 2003
  4. «ХХ ғасырдағы қазақ мектебі: даму болашағы» атты республикалық ғылыми — практикалық конференция материалдары. — Алматы, 2006
Категория: