«Шертпе күй шеберлері» атты сынып сағаты
Жаманова Анара Темирбековна |
(Өнер мектептерінде, музыка мектептерінде сынып сағаттарын өткізуге арналған)
Күй — домбыра кеудесіндегі жаңғырған жан дауысы. Ақындық зор шабытпен сипаттаған, баяндаған өмір көрінісі. Соның бірі қуаныш — ренішке ғана, саяды. Ал қуаныш, реніш — өмір күресіндегі алапат сезім арпаласы. Оны М. Әуезовтың сөзі мен айтқанда: «Жалпы музыка атаулы нәрсе, елдің сезім байлығы мен ішкі жатылыс қалпын білдірсе, солардың ішінде ең толғаулы, ең терең сырлысы — күй» — дегенге тіреледі.
Қазақ халқында күй байылығы өте мол. Әр дәуірде туған дарынды күйшілер сол халық мұналарын үйреніп, иеленіп қалумен қатар оны әрі қарай дамытып, өз жандарынан күйлер шығарып, байытып отырған. «Қорқыт күйі», «Асан қайғы», «Азамат қожа», «Ақсақ құлан», Саймақтын «Сары өзені», «Нар идірген», «Аңшының зары» сияқты көптеген күйлер тарихи — аңыз оқиғаларды баяндаса, енді бір қатары халықтың әлеуметтік тіршілік тынысына байланысты өмірге үн қосып «қайғысы мен қуаныш сезімдерін толғайды.
Күй — композитордың ішкі Жан сырының айнасы десен, оның «күй» деген атының өзінде үлкен қуат, шабыт құдіреті жатады. Қазақ халқы күйшіні ерекше қадірлеп, домбрашыны «бармағынан бал тамған», «адамның жорғасы» деп, олардың аттарын ерекше құрметпен атаған.
Қазақ күйшілерінің орыңдаушылық дәстүрін сөз еткенде, оның үлкен мектебіне жататын шертпе күйлерді айтамыз.
Шертпе күйлер кең байтақ Қазақстанның шығысы — Алтай, Тарбағатай, орталығы — Ұлытау, Шыңғыс тау өңірінен бастап Жетісу, Қаратау, Сыбойына дейін қонысталған ел арасына көп тараған шертпе күйлердің орындаушылық негізін салып мектебін қалыптастырушы Тәттімбет Қазанғап ұлы.
Тәттімбет Арғын асқан ардагерім, |
Тәттімбет 1815 ж. Қарағанды облыс Қарқаралы уезіне қарасты Қу болысы, Қызылжал қыстауында дүниеге келген.
Тәттімбеттің қырықтан астам күйі болған. Оның «Қосбасар» (бірнеше нұсқасы), «Саржайлау», «Терісқақпай», «Сылқылдақ», «Бес төре», «Былқылдақ», «Азамат қожа», «Кокей кесті» т.б. күйлері ел арасына кеңінен таралып, домбырашылардың сүйіп тартатын әсем әуеніне айналған.
Бұлақ па мына күй сылдыр етті,
Барады жүректегі жуып дертті.
Егіліп қайыршақтай жұмсардым ба,
Қайратым қаратастай қайда кетті.
Беу шіркін таудың күйі, тастың күйі
«Сылқылдақ» мына бір күй тым тәтті екен,
Қосылып қызықтаған жастың күйі.
«Сылқылдақ» Тәттімбет лирикасының шынңы. Бұл күйде композитор өзімен күй сайысына түсіп, өнер көрсеткен домбырашы қызға арнап тартқан дейді.
«Сылқылдақ» күйін тыңдау
Осы Тәттімбеттің күлеріне қызығып оларды үйренуге — құштарланған Сугір Әлиұлы болатын.
Сүгір Әлиұлы 1882 ж. Шымкент облысы Созақ ауданында туды. Бала жасынан құлағы Тәттімбет күйлерімен ашылған. Сүгір кейін Ықыластан тәрбие алып орта жасқа келгенге дейін өз өнерін шыңдау, іздену, үйренумен өтті. |
Сүгір «Аққу», «Бес жорға», «Тел қоңыр», «Шалқыма», «Жолаушының жолды қоныры», «Тоғыз тарау» т.б. күйлерді шығарған.
Сүгірдің «Шақымасында» мифологиялық сарындар оның о басты музыкалық емес медитациялық жанр болғандығын болжауға ұшық береді.
Қазақта кейде жүйкесі ауырған адамды сандырақтап жатыр демейді. «шалықтап» немесе «шалқып» — жатыр дейді. Бұл күйді бақсылар кезінде ойнаған деп жорамалдайды.
«Шалқыма» күйін тыңдау
Мынау күй — секілді гой жыр әдемі, Сан ғасыр тартқызатын сұрап елі. Жарықтық Сүгір ата тіріліпті, Туған соң Төлегендей мұрагері. |
Төлеген Мамбеков 1922 жылы Шымкент облысы Созақ ауданында Сызған ауылында дүниеге келген.
Оның «Ел жаңа» — Казақстанның 50 жылдығына, «Өрлеу»-тоғызыншы бес жылдықтың еселі еңбегіне арналған, өзінің 50 жасына арнап «Асу», өзімен бірге ұлы Отан үшін шайқаста құрбан болған достарына арнап «Ескерткіш» атты күйлерді тебіріне толғады. Әсіресе, өзінің сүйген жары қайтыс болуына байланысты шығарған төрт күйі кімді-де болса толқытарлық. Бұл күйлер мазмұны жағынан біріне — бірі жалғасып бір оқиғаның желісін үзбей тұтасымен баяндайды. «Бұл қалай?» науқас адамның нашарлауына, «Қоштасу» қайтыс болуына арналады. Ал «Салтанат» күйі өзінің кенже қызы Салтанаттың, мамасын жоқтап жылауын «Сағыныш» күйі бес қыз бен бір ұлдың анасын сағынғанын бейнеледі. Міне, Төлеген Мамбеков күйлері осылайша сан тақырыптарды қамтып сыр шертеді.
Қос шектің қоңыр үнін сүйген ем,
Хас өнерден әлі күнге сый көрем.
Не нәрсеге мың сүйсінер сүйсінсе,
Бала күннен құмар болдым күйге мен!
Раздық Ахметжанұлы 1905 жылы дүниеге келген. Ол шертпе күйдің шынайы шебері болатын, күйді ерекше бір шабыт құшағында отырып шертетін.
Раздық әбден қартайған Шабатай атты домбрашыны «пір» тұтатын еді. Қолына домбыра алғанда Шабатайдың атын атамайтын кезі болмайтын. Раздық дүние жинап, малдың басын құрауға құлқы болмаған, дүниеқор кейбір, ағайындарын ұнатпайтын. Оның есесіне жалғыз жүйрік аты, қыран бүркіті мен құмай тазысы болды.
Раздықтың «Аңшының зары», «Шыңырау», «Сал күрең», күйлері күні бүгінге дейін өз бояуын жоғалтпай, өз тарихымен жадымда сақталып келеді.
«Аңшының зары» күйі өз алдына бір, аңыз. Аңыз екі, ағайынды жігіт ортасында өткен тарихи трагедияны баяндайды.
Бауырды бауырынан қаза бөлген,
Сонда ажырамай саз-әуеннен,
Қайғысын ән-күй етіп Даласына
Қанымен жүрегінің жаза берген!
«Аңшының зары» күйін тыңдау
Шертпе күй мектебін жалғастырып, өркендеткен композиторлар көп, олар — Қ. Ахмедьяров, Н.Тлендиев, Т.Атығаев, С.Тұрысбеков сияқты елімізге танымал күйшілер.
«Аққу», «Әлқиса», «Бөзінген», «Мұрагер» — осы күйлердің аттарын атағанда халқымыздың сүйікті композиторы, халық қахарманы, дирижер, инструменталист Нұрғиса Тлендиевті есімізге аламыз. |
Нұрғиса Тлендиев 1925 жылы 1 — сәуірде Алматы облысы Іле ауданына қарасты Шилікемер ауылында дүниеге келген.
Алғаш Құрманғазы атындағы Қазақ Ұлт Аспаптар оркестірін құрып, қазақтың аспаптық музыкасын елге танытқан Нұрғиса, ағамыз еді.
Мынау саз айдын тербеп сұңқылдаған
Аққу ма, жалықпастан мың тыңдағам.
Өлмейтін сұлулықтың сырын ұқ деп,
Қайталап жатыр — ау ал мүмкін маған.
«Аққу» күйін тыңдау
Секен Тұрысбеков Ұржар ауданы «Бірінші май» совхозында дүниеге келген.
Секен күйлері — әр жүректің айтылмаған әні, тартылмаған күйі, таусылмас арманы, орны толмас өмір өксігі, көңіл толқындарындағы мұң шалған күрсініс, бір сөзбен айтқанда адам рухындағы қисапсыз оюлармен кестелген көркемдік ой-сезім толғау толқындарының сұнғат-сұңғыла мұраты. |
Секеннің «Өкініш» күйі 1985–87 жылдар аралығында жазылған автор бұл күйді өз күйлерінің ішіндегі үздігі санайды. Бұл күйді Секен өзінің өнеріне үлкен бата берген, өз жолында кездескен үлкен азаматтардың бірі Е. Қомағанов марқұмға арнап шығарған.
Секен күйлерінің ішінде елімізге танымал 1985–87 жылдар аралығында жазылған күйінің бірі «Көңіл толқыны».
Кейде көңіл кемел ойды көксейді,
Қиялдайсын, қиялдың да жоқ ішегі.
Адам, Тағдыр, Бақыт, Үміт саздары —
Сөйлеп кетсе бұл домбыраның екі ішегі.
«Көңіл толқыны» күйін тыңдау
Домбыраның дейді кім «құты кетті»?…
Сал серігін бұл қазақ күтіп өтті.
Көз тимесін дегендей, моншақ тағып,
Көрік болсын дегендей, үкілепті.
Бұл қазақ мұң жапса да қас-қабақты,
Қастермелей ән — күйден басқа бақты,
Тұтқиялдан жау тиген кездерде-де
Домбырасын жұртына тастамапты!
Осымен бүгінгі «Шертпе күй шеберлері» атты сынып сағатымыз аяқталды, келесі кездескенше сау болыңдар!
- 22282 просмотра