Девятый Республиканский творческий конкурс «Наурыз — көктем мейрамы» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана

 

 

 

«Наурыз — жыл басы»

IV международный творческий конкурс «Весна идёт — весне дорогу!» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана, стран ближнего и дальнего зарубежья

 

 

 

Биказинова Бибігүл Ермекқызы, бастауыш сынып мұғалімі, 2 санатты, КММ «Батыр Баян атындағы мектеп-гимназиясы», СҚО, Мағжан Жұмабаев ауданы, Булаев қаласы

«Наурыз — жыл басы»

«Сарыарқа» күйі ойнайды. Күй ақырындаған кезде ортаға жарқын жүзді, көтеріңкі көңілде бозбалалар мен бойжеткендер шығып ары-бері жүріп барлығы:

Той басталды!
Наурыз тойы басталды!
Наурыз құтты болсын!

Бүгін той, ағайын! — деген сөздер айтылады.Топ арасынан бір бойжеткен мен бозбала бөлініп шығып, тойға шақыру жырын айтады:

Тыңдаңыздар, тыңдаңыздар!
Босқа қарап тұрмаңыздар!
Наурыз тойы басталды,
Қызықтан тыс қалмаңыздар.
Көрмегендер көріңдер,
Естімегендер естіңдер.
Ұлыстың ұлы күніне,
Шақырамыз бәрінде!

(Барлығы шығып кетеді,ортаға жүргізушілер шығады.)

1 жүргізуші:
Армысыздар, халайық!
Бармысыздар, халайық!
Ақ қар кетіп, көктем жетіп,
Наурызды қарсы алайық!

2 жүргізуші:
Көктем келді, Наурыз келді,
Жер көгеріп, жайнай берді.
Дастарханы аққа толып,
Жақсылық пен бақыт келді.

1 оқушы:
Аманбысың, армысың, халқым менің!
Ақтарған кең даламның алтын кенін,
Мереке басы болсын берекелі,
Ардақты Наурыз тойы, салтым менің.

2 оқушы:
Наурыз келді құт болып,
Мына бізге сүт болып,
Аққа аузымыз толады,
Бар жақсылық болады.

3 оқушы:
Наурыз тойы құтты болсын,
Жер көгеріп, малға толсын,
Ырыс тасып берекелі,
Елім менің бақытты болсын.

4 оқушы:
Бәйшешек гүл ашады,
Мұздар сайға қашады.
Суға толы өзен-көл,
Кемерінен асады.

5 оқушы:
Жас қосатын жасыңа,
Жылбасы бұл — наурыз.
Әр кіргізген асыңа,
Бал татыған сары уыз.

6 оқушы: Наурызбенен құттықтап,
Алыс-жақын қауышты.
Көктемдегі жарқын сәт,
Көңілдерге ауысты.

1 жүргізуші: Наурыз мерекесі Шығыс халықтарына ортақ мереке. Оның тарихы да өте тереңде жатыр. Күн мен түн теңеліп, күллі табиғат оянып, түрленіп, құстар сайрап, жан-жануарлар төлдеп, мал көкке шығып, адамзат аузы аққа жетіп, жер үстіне шаттық орнаған Наурыз айы — жыл басы деп саналады.

2 жүргізуші: Қазіргі таңда еркін жатқан, тәуелсіз елміз! Соның нәтижесінде ұмыт болып бара жатқан Наурыз мерекесі қайта жаңғырып, жалпы халықтық мерекеге айналып отыр. Ол әр адамның ертеңгі күнге деген сенімділігін, әрқайсымыздың бойымызға патриоттық рух, елге деген сүйіспеншілік сезімдерімізді арттырады.

1 жүргізуші: Иә, қазақ елі Наурызды қалай қарсы алған екен? Қызыр түні Жаңа жыл табалдырық аттап үйге енгенде, «жалғыз шала сәуле болмас» деп төрге қос шырақ жағылып қойылады. «Жаңа жыл мұнтаздай таза үйге кірсе, ол үй ауру-сырқаудан, пәле-жаладан аман болады» деген сеніммен Наурызға шейін үй ішіндегі жиһаз мүліктің шаңы қағылып, жуылып тазартылады.

2 жүргізуші: Міне,күлімдеген көктем де келіп жетті. Табиғаттың осы бір мезгілін барша қауым асыға күтеді десек те болады. Ұлыс оң болсын,ақ мол болсын!

1 жүргізуші: «Жыл басы қалай басталса, аяғы да жақсы болады», «Жыл бойы жақсы хабар көп болсын, ақ мол болсын, жауын-шашын көл болсын» деп ыдыстардың барлығын аққа және таза, кәусар бұлақ суына толтырып қояды екен.

1 жүргізуші: Бұл жыл бәрімізге бақыт жылы,бейбіт жылы болсын!

2 жүргізуші:

Ал халайық тұрмайық,
Әндетейік, жырлайық.
Ырыс тілеп бұл жылға!
Ортамызды ашайық, (шашу шашылады)

«Наурыз — жыл басы»

Қыздар тобының орындауында «Көктем биі»

1 жүргізуші:
Елім бүгін көрсетіп, ел екенін,
Төрінде отыр торқалы мерекенің,
Халқымның қасиетіндей бұзылмайды,
Қаймағы Ынтымақ пен Берекенің, — дей келе
Ынтымақ пен Береке,
Молшылық сыйлайтын
Қыдыр бабаны қарсы алайық.
(Ортаға Қыдыр баба шығады)
Батамен ел көгерер,
Жаңбырмен жер көгерер — дегендей
Қыдыр баба өзіңізден бата күтеміз:

Қыдыр баба:
Көл жиналып тамшыдан,
Теңіз болсын қаңсыған,
Құт-береке кетпесін,
Диқан менен малшыдан.
Бақыт ашып қақпасын,
Мәңгі — бақи жаппасын,
Пәле — жала қазақты,
Іздесе де таппасын.
Бүлдіршіндер көбейіп,
Өркендей берсін жеріміз.
Батыр туған ерлермен,
Көркейе түссін еліміз. Әумин!
(Батадан кейін дастарқан басына отырады)

2 жүргізуші:
Құлақтан кіріп бойды алар,
Әсем ән мен тәтті күй.
Көңілге түрлі ой салар,
Тойды сүйсең менше сүй-деп
Абай атамыз айтқандай кезекті ән мен жырға берейік.

1) Динараның орындауында «Ән шашу» әні. 
2) 1-сынып оқушыларының орындауында «Біз бақытты баламыз» әні.
3) Даянаның орындауында «Наурызым» әні

(Күй ойналады, ортаға Қожанасыр шығады)

Қожанасыр:
Армысыздар, халайық!?
Армысыздар, балалар!
Мен Қожамын, Шегі жоқ бұл даңқымның.
Өмірімді арнармын,
Бақыты үшін халқымның.

Құтты болсын жаңа жыл!
Құтты болсын Наурызым!
Балалар, мен сендерге құр қол келген жоқпын.
Сендер ойын ойнағанды ұнатасыңдар ма?
Ендеше ортаға «Асық» ойынын ойнауға шақырамын.

1 жүргізуші: Қарақазан — қасиеті халқымның,
Бір өзіңде құдіреті салтымның.
Бірлік сенен басталады әрқашан,
Сен тұрғанда керегі жоқ алтынның.

2 жүргізуші: Ұлыс күні қазан толса,
Ол жылы ақ мол болар.
Ұлы кісіден бата алса,
Сонда олжалы жол болар! — деп айтқандай ұлыс күні жеті түрлі заттан наурыз-көже пісіріледі. Әр үйдің дастарқанына ақтан,дән тағамдарынан, еттен істелген 7 түрлі тағам қойылады. Наурыз көжені тойып ішу-жыл бойына тоқшылық болсын деген ұғым.

1 жүргізуші: Бал көжеден татыңыздар!
Көктем Наурыз тойында.
Еңбекшілге талапты,
Қоямын қос табақты.
Көжеге жас-кәріңді,
Шақырамын бәріңді — дей келе
Наурыз көжеден дәм татуға шақырамыз.

2 жүргізуші: Еліміздің парасатты азаматы ең алдымен өз халқының тілін, дінін, өткенін білуі қажет, себебі өз халқының жақсысын түсіне білген адам ғана өзгені де сыйлай алады.

1 жүргізуші:
Жаңарғаны сананың,
Ұмытады мұны кім?
Ата—салтын бабамның,
Алып келді Ұлыс күн! — дей келе
«Баланы бесікке бөлеу» рәсімін тамашалауға шақырамыз.

2 жүргізуші: Бүгін — Жер бетіне жақсылық ұялаған күн.

1 жүргізуші: Бүгін — Жаңа жылдың басталған күні.

2 жүргізуші: Бүгін — Береке мен Тірліктің,Игілік пен Теңдіктің туын көтерген Наурыздың туған күні.

1 жүргізуші:
Құтты болсын тойларың!
Құтты болсын ойларың!
Жарқыраған жас нұрлы,
Жаса, Наурыз, дәстүрлі!

2 жүргізуші:
Ұлыс әр кез оң болсын,
Әр үйде ақ мол болсын.
Не тілесең сол болсын,
Қайда барсаң жол болсын.

1 жүргізуші: Мерекелік ән-шашуымызды «Қаражорға» биімен аяқтаймыз. Барлықтарыңызды ортаға би билеуге шақырамыз. Келесі кездескенше аман сау болайық!

Категория: