Международный творческий экспресс-конкурс «Вот оно какое, наше лето!» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана, стран ближнего и дальнего зарубежья, посвященном летнему отдыху

 

Қазақ тілін оқытуда оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру

 

Версия для печатиВерсия для печати
 

 

Исина Гульмира Маулитжанова орыс мектептеріндегі қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі, еңбек өтілі – 14 жыл, санаты – педагог - сарапшы. Қазақстан Республикасы, Солтүстік Қазақстан облысы, Аққайың ауданы, Смирново ауылы, «Смирново мектеп-гимназиясы» КММ

 

Қазақ тілін оқытуда оқушылардың коммуникативтік құзыреттілігін қалыптастыру

Өзге тілді мектептерде қазақ тілін оқыту барысында коммуникативтік бағытта оқытудың психологиялық негіздерін коммуникацияның моделімен сәйкестендіріп қарауға болады. Өйткені сөйлеудегі ақпарат шынайы болмыстан алынған, ой елегінен өткізілген, ұйымдастырылған фактілердің тілдік түрді, вербалды таратылуы болып табылады. Сөйлемде: «бұрыннан бар» және «жаңа» деген ұғымдар бар. Оны сөйлемдегі предикативтік қатынастарын айқындауда анық көруге болады. Мысалы, Оқушы тыңдады. Бұл жерде оқушы — тема, яғни субъект, хабардың басталу нүктесі, ал тыңдады — рема, болған жағдайды жеткізуші болып табылады.

Хабардың вербалды таратылуының моделіне келетін болсақ, тіл арқылы таратылатын кез келген ақпарат экстралингвистикалық категориялардан басталады да, кодтау, жіберу, мүмкін болатын өзгерістер (искажение информации), қабылдау, кодты шешу, ауқымын кеңейту, түсіну, іске асыру кезеңдерінен өтеді.

Қабылдау, кодтау, вербалды сигналдарды танудың теориялық модельдерін екі типке бөлуге болады. Оның бірінші типі — мәтінді қабылдаудағы және оны тудырудағы үдерістерді сипаттау, ал екінші типі қарастырылып отырған функциялардың қызмет етуінде ғана жұмыс істейтін тұрақты функционалдық бірліктердің құрылымдарын көрсетуге бағдарланады. Бірінші модельге сәйкес мәтінді қабылдау үдерісі бірнеше кезеңнен өтеді:

І кезеңде субъектілі-предикаттық-объектілі құрылымдар (пропозициялар) бөлінеді;
ІІ кезеңде осы пропозицияларды біріктіруші семантикалық желі қалыптасады;
ІІІ кезеңде мәтінді қабылдаушы адамның жеке есте сақтауының шамадан тыс асып кетуі кезінде туады.

Вербалды ақпаратты жіберуде кодты таңдау автоматты түрде жүреді. Әдетте, код дегеніміз — сөйлеушінің ана тілі. Егерде қазақ тілін игеруші оқушы қазақ тілін өзінің сыныптық деңгейінде жетік меңгерген болса, қазақ тілінде берілген ақпаратты декодтай алады, ол үдеріс автоматты түрде жүреді. Егерде оқушы үшін қазақ тілі түсініксіз болса, жіберілген ақпарат түсініксіз күйде қалады.

Сондықтан өзге тілді мектептердегі басты мақсат, қазақ тілін оқушының саналы түрде игеруін қамтамасыз ету болуы тиіс. Бұл жерде коммуникативтік жаттығулардың алатын орны ерекше.

Өйткені коммуникативтік жаттығулар арқылы оқушының қазақ тіліндегі ақпараттарды декодтау дағдысын қалыптастырып, қазақ тілін сөйлеу құралы ете білуге үйрете аламыз.

Коммуникативтік құзыреттілік дегеніміз — шынайы диалог, айтыс, келісімдерді, коммуникацияны жүргізу туралы нормалар, ережелер туралы білім жиынтығы. Сондықтан да тілді оқыту сабақтарында тілді жылдам және сапалы игеру үшін міндетті шынайы түрдегі қарым-қатынастар жағдаяттарын туғызу керек. Мұндай тілдік жағдаяттар тек қана коммнукативтік жаттығулар арқылы жүзеге асырылады. Сондықтан да тіл үйренушілер әр түрлі оқу жағдаяттарына түсіп, тілді саналы түрде игере алады.

Тілдің саналы түрде игерілуі баланың танымдық қабілеті мен таным күштерінің бірігуі арқылы іске асып отырады. Баланың дамуға бейім таным күштерін байқаған мұғалім арнайы жұмыс арқылы оны ұштай түсуі тиіс.

Сонда мұғалім оқушының қазақ тілінде төселе сөйлеуін қамтамасыз ету барысында міндетті түрде оның танымдық қабілеттерінің де дамуын ескеріп отырған жөн. Әрине даму барысы оның физиологиялық даму мүмкіндіктерімен үйлесуін де қажет етеді. Мұғалім оқу-танымдық үдерістің жетекшісі мен ұйымдастырушысы ретінде, оқушының биологиялық және әлеуметтік дамуын үйлестіріп отыруды басты назарда ұстайды. Жасөспірім кезінде баланың танымдық қызметі ерекше белсенділікпен өтеді. Абайдың жетінші қара сөзінде айтылған танымдық қызығушылық мектепте оқушының түрлі пән салаларын меңгере бастауымен арта түседі.Осы ретте оқушының қазақ тіліндегі коммуникативтік құзыреттілігін оны белгілі бір шынайы жағдаяттарға түсіре отырып, төселдіру арқылы дамыту процесі өтеді.

Категория: