Девятый международный творческий конкурс «Зимние забавы» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана, стран ближнего и дальнего зарубежья

 

 

Тақырыбы: Домбыра — халқымыздың мұрасы, домбыраны әшекейлеу

Девятый международный творческий конкурс «Зимние забавы» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана, стран ближнего и дальнего зарубежья

 

 

Макенова Жанар Байғуанышқызы І санатты жоғарғы деңгейлі тәрбиеші. «Айнагүл» бөбекжай-бақшасы МКҚК, Солтүстік Қазақстан облысы, Жамбыл ауданы, Преснов селосы

Макенова Жанар Байғуанышқызы

«Арман» ересек тобына арналған ұйымдастырылған оқу іс-әрекеті

Білімдік облысы: «Әлеуметтік орта», «Шығармашылық».

Бөлімдері: «Қоршаған ортамен танысу», «Жапсыру».

Білімділік: Сәбидің дүниеге келуіне байланысты жасалатын ұлттық салт-дәстүрлер туралы балалардың білімдерін қайталап бекіту. Күй атасы Құрманғазы, қазақ халқының ұлттық музыка аспабы домбыраның құрылысымен, сыртқы ерекшеліктерімен, үнімен, жасалу жолдарымен таныстыру.

Дамытушылық: Сөздік қорларын байытып, ауыз екі сөйлеу тілдерін жетілдіру. Домбыраны ою-өрнектермен әшекейлеп, қайшымен жұмыс істеу қабілеттерін дамыту.

Тәрбиелік: Балаларды отан сүйгіштік сезімге баулып, ата-бабамыздың бай мұрасын құрметтей білуге тәрбиелеу.

Сабақтың әдістері: Әңгімелеу, көрсету, түсінік беру, технология қолдану, дамыту ойындары; салт-дәстүрлерді атау, айтыс, мақал-мәтел айту, күй тыңдау, тілдерін жаттықтыру.

Сабақтың барысы

Тәрбиеші: Сәлеметсіздер ме, балалар. Балалар шеңбер құрып, қонақтармен амандасайық!

Арайлап, таң атты!
Күн сәулесін таратты
Жарқырайды даламыз
Жарқырайды күніміз
Сәлеметсіздер ме балалар!
Сәлеметсіз бе Жанар Байғуанышқызы!
Сәлеметсіздер ме апайлар!

Тәрбиеші: Балалар бүгін бізде қоршаған ортамен танысу және жапсыру сабағы болады.(Есік қағылады, иығында қоржынымен домбырасы бар Алдар көсе кіріп келеді).

Алдар-көсе:
Сәлеметсіздер ме, балалар!
Балаларды сағынып,
Алыс жолдан келдім мен.
Өнер сүйер бөбектерге,
Сыйлық алып келдім мен.

Алдар-көсе: Міне сиқырлы қапшық тауып алдым. (Тәрбиешіге береді). Оның ішіндегі тапсырмаларды дұрыс орындасаңдар, сыйлық аласыңдар деп жазылыпты. Тапсырмаларды өзім орындай алмағасын сендерден көмек сұрай келдім, тез сыйлық алғым келеді.

Тәрбиеші: Ал, балалар көмектесеміз бе?

Тәрбиеші: Балалар, мына хаттың ішінде не бар екен?

(Сиқырлы қапшықтың ішіне салынған хатты ашып, ондағы тапсырма жайында балаларға түсінік береді).

Дамыту ойын «Салт-дәстүрлерді ата». (Слайдпен көрсетуі).

Шарты: балалар салт-дәстүрлер туралы тәрбиешінің сұрағына жауап беріп, дәстүр бейнеленген көрністің суретін табады.

— Отбасында бала дүниеге келгенде сәбидің бауы берік болсын, дені сау болсын деп, тілектер айтып қонақтар келеді.

— Бұл қандай дәстүр?

— Жауабы: «Шілдехана» дәстүрі.

— Ата баланың құлағына есімін дауыстап үш рет айтады.

— Бұл қандай дәстүр?

— «Балаға ат қою» дәстүрі.

— Баланың шашын, тырнағын алады, суға шомылдырып, оған қырық қасық су құяды.

— Бұл қандай дәстүр?

— «Қырқынан шығару дәстүрі».

— Қонақтар келеді, тыштырма жейді, әже көпшіліктің астына бала денсаулығы мықты болуы үшін тарақ, айна, таза болу ы үшін сабын, батыр болуы үшін қамшы салады.

— Бұл қандай дәстүр?

— Жауабы: "Бесікке салу«дәстүрі.

— Сәби алғаш рет қадам жасайды. Осы кезде ата-анасы қандай той жасайды?

— «Тұсау кесу» тойын жасайды.

Тәрбиеші: Балалар мынау қандай аспап?

Ал көңіл күйді көтеру үшін қандай өнер түрін қолданады?

Балалар: Ән айтады, домбыра тартады.

Тәрбиеші: Дұрыс айтасыңдар.

— Қазақ халқының ұлттық музыкалық аспаптары: қобыз, жетіген, сазсырнай, аса таяқ т. б.

Домбыра — халық даналығы. Домбырадан төгілген күйлер халқымыздың тынысы, табиғаттың ғажайып үнін бейнелейді. Күйлер ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келеді.

Тәрбиеші:
Домбыра туралы тағы не білесіңдер?
Домбырамен сөйлеген
Махаббаты халқымның
Жігер беріп күй деген
Жарқырады алтын күн.    Мансұр

— Домбыра қазақ халқының ұлттық музыкалық аспабы.

Тәрбиеші: Балалар, біз бүгін қазақ халқының ұлттық аспабы домбыраның құрлысымен танысамыз. Мынау домбыраның басы, құлағы, сабы (мойны), пернелері, кеудесі, қақпағы, ауызы, тиегі, шектері, қорғаны, түп тиегі. (Тәрбиеші домбыра құрылысының атауларын атап көрсетеді. Балалардан қайталап айтып беруін сұрайды).

Тәрбиеші: Балалар, атақты күйші Құрманғазы атамыздың «Сарыарқа», «Балбырауын», «Адай» т. б күйлері бар.

Алдар-көсе: Мен өзіммен бірге алып келген домбыраммен сендерге күй тартып берейін. Құрманғазы атамыздың күйі «Балбырауын» (Құрманғазының «Балбырауым» күйін Алдар көсе орындайды).

Тәрбиеші: Балалар, Құрманғазының қандай күйін тыңдадық?

Балалар: — "Балбырауын«күйін тыңдадық.

Тәрбиші: -Күй немен орындалады?

Балалар: — Күй домбырамен орындалады.

Сергіту сәті: «Киіз үй»

Орнымыздан тұрайық,
Керегені керейік.
Уықтарды көтеріп,
Шаңырақты біз құрайық.

Алдар-көсе: Балалар мен әр түрлі тойларға барып домбырамен өлең айтамын. Менің жолдастарым да өлең айтқылары келеді. Бірақ олардың домбыралары жоқ. Сендер жасап берсеңдер, олар қатты қуанар еді.

«Домбыраны әшекейлеп ою-өрнек жапсыру»

Балалар, кәне ою түрлерін атап шығайық. «Қошқар мүйіз», «Тұмар», «Құс қанаты», «Су тамшысы».

Тәрбиеші:

— Балалар, енді әсем безендірілген домбыраларымызды Алдар көсеге сыйға тартайық. Алдар көсенің жолдастары қуанып қалсын.

— Балалар мында тағы бір тапсырма бар екен. Өнер туралы қандай мақал-мәтел білесіңдер?

«Өнер алды қызыл тіл», «Өнерлінің өзегі талмас», «Өнерлі бала сүйкімді».

Тәрбиеші: Балалар, сендер Алдар көсеге, келген қонақтарға айтыстан үзінді айтындаршы. Халқымыз айтыс өнеріне ерекше мән берген. Қазір бізде айтыскерлерімізді ортаға шақырып, өнерлерін тамашалайық.

Ата-баба дәстүрін
Үйренуден қашпаймыз
Айтыс десе қызығып         Ерасыл
Біздер дайын тұрамыз.

Ойыншыққа бұрын мен,
Қызыққанда шығармын.     Алишер
Қазір, міне өсіп ем,
Домбыраға құмарттым.

Қолың жетпей мойныңа,
Қиналмайсың тентегім         Томирис
Алып жатып қойныңа
Түсіңде де шертесің.

"Сарыарқаға күй тең келер ме,
Тартсам кетем желпініп         Даниал
"Айгөлекті«икемге
Жүрмін енді келтіріп.

Үкі тағып басына,
Күнде қолға аласың              Дилара
Әкеңнің домбырасына
Қашан ие боласың?

Айналайын халқым-ай
Болсын жүзің жарқын-ай
Ата-салтын сақта деп
Ұран етем жалықпай

Тәрбиеші: Балалар жақсы өнер көрсетті.Оларға қошемет көрсетейік.

Алдар-көсе: Балалар, сендер өте білімді, мейірімді балалар екенсіндер. Мен сендерге ризамын. Мен бір тойға барамын. Сендерге сыйлығымды тастап кетейін. Сау болыңдар, балалар!

Балалар: Сау болыңыз!

Сабақты қортындылау.

Тәрбиеші: Балалар, бүгінгі сабақ сендерге ұнады ма?

— Бізге кім қонаққа келді?

— Қандай салт дәстүрлерді атадық?

— Домбырамен таныстық па?

— Қандай ою түрлерін білесіңдер?

Тәрбиеші: Балалар сендер домбыра туралы өлең білесіңдер ме? Онда келген қонақтарға арнап «домбырасыз ән қайда» орындап берейік.

Алдар көсенің тапсырмаларын жақсы орындадыңдар, енді сиқырлы қапшық түбінде қандай сыйлық бар екен, тобымызға барып қарайық.

Сау болыңыздар!