Девятый Республиканский творческий конкурс «Наурыз — көктем мейрамы» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана

 

 

 

Оқытуға жаңа көзқарас — заман талабы

IV международный творческий конкурс «Весна идёт — весне дорогу!» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана, стран ближнего и дальнего зарубежья

 

 

Муртазина Ардақ Тельжановна, бастауыш сынып мұғалімі Шашубай кентіндегі «Мектеп—балабақша кешені» КММ Ақтоғай ауданы, Шашубай кенті

Муртазина Ардақ Тельжановна

Қай заман, қай ғасырда болмасын адам баласы барлық өмір құбылыстарын, өздерін қоршаған ортаны тануға ұмтылған. Үйрену мен үйретуден тұратын жердің бәрінде шәкірт пен ұстаз болған. Сол ұстаздардың ізімен ұстаздық жолды таңдағаным үшін өзімді бақытты сезінемін.

Бүкіл әлем жеделдетіп жаһандану үрдісіне көшуде. Болашақта жастар өз жолында кездескен қиыншылықтарды жеңуге, өз мәселелерін шешуге, саналы шешім қабылдауға дайын болуы керек. Жастардың енжар, өмірге бейімделмеген әлсіз болуы болашағымыз үшін әділетсіздік болар еді.

Мен — ұстаздық еңбек өтілім жеткілікті, кіші мектеп жасындағы балаларды оқытатын бастауыш сынып мұғалімімін. Ұстаздық еңбек жолымда байқағаным: оқушыларымның менің көмегімсіз тәуелсіз оқыту дағдыларын меңгере алмауы еді. Әрқашан мұғалімнің көмегіне жүгінетін оқушы ертең ол білімін өз қажетіне қолдана ала ма? Тәуелсіз оқыту дағдыларын қалыптастыруда менің қолданатын әдіс- тәсілдерімнің тиімділігі аз екеніне көзім жеткен күннен бастап, қалайша тәсілдерді жетілдіріп, оқытудағы олқылықтарды түзете аламын деген толғаныста болдым. Педагогикалық әдіс-тәсілдерді жетілдіру мақсатында осындай білім жүйесіндегі кемшіліктерді түзету, оқытуда түбегейлі өзгерістерге толы жобаны іске асыру және мұғалімдердің педагогикалық әлеуетін арттыру үшін ұйымдастырылған Қазақстан Республикасы жалпы білім беретін педагогтарының біліктілігін арттыру бағдарламасының үшінші базалық деңгейі курсына келіп, өз сұрақтарыма жауаптар таптым. Енді курстан үйренгенімді тәжірибеме енгізу үшін бүгінгі игерген модульдер мен бұрынғы әдіс- тәсілдерді салыстырып, ой талқысына салдым. Сол кезде тарату материалдарынан метатану, яғни білім алуды үйрету туралы оқығанымда, мен де маршрут картасын құрып көрсем қалай болар екен деген тұжырымға келдім. Бұл әдіс (Флавелл,1976) оқушыларға өздерінің ойлану мен білімдері туралы түсінулеріне қарай қадам жасайды екен. Сонда ғана оқушы менің көмегіме тәуелділіктен бас тартып,өздері шеше алмаған мәселерін шешу жолдарын іздестіріп, қалай жүру керектігі туралы ойлана бастайды. Мен де тапсырмаларды жеке орындатудан: оқушылардың жұппен, топпен жұмыс істеп, бірлесе мәселені шешулеріне мүмкіндік туғызсам,олар менің көмегіме аз жүгінер еді-ау деген ойға келдім. Сонымен бірге, бұл- менің оқыту үдерісіне конструктивті принциптерге негізделген жаңа әдіс- тәсілдерді енгізуім керектігін айқындайды. Хэтти (2009) және Морзаноның (2011) жүргізген зерттеулерінде оқушыларды бұлайша оқыту өте тиімді, яғни оқушылар оқу бағдарламасына сәйкес мәселені шешіп қана қоймай, өздері ойлап, өз білімдерін тәжірибеде қолдана алады. Курстың бағдарламасының мазмұнына бойлаған сайын осы бағдарламаның өзектілігін, өміршеңдігін сезіндім. Менде өзімнің осы бағдарламаны игеріп, тәжірибеме енгізсем деген өз әлеуетіме деген сенім пайда болды. Пажарестің (1992) зерттеуіне сүйенсек, мұғалімнің білімділігінен гөрі сенімге негізделген ой — тоқтамдарының ықпалы күштірек деп сендіреді. Пәннің мазмұнын, білім, білік, дағдыны қалыптастыруды мақсат етіп қойған біздерге оқушының қажеттілігімен санаса, қажет болса, оқушымен ақылдаса отырып бірлесе жоспар құру мәселесі туғанда алғашында сенімсіздік, түсініксіздік сезімдер басым болды. Маған екі жақты да таразылау міндеті қоса жүктелді. Екі жақ деп отырғаным: мен және менің оқушыларым. Бірінші жақ, яғни мен алдымдағы оқушыға үйретуші ролінде қалыптасқан, ал оқушыларым дайын ақпаратты қабылдаушы немесе тыңдаушы жақ болып қалыптасқан үрдісті енді жаңа арнаға- оқытудың жаңа тәсілдерін оқушы жанына жақын тартатындай, дәрежеде жеткізу үшін мен дайынмын ба? — деген заңды сұрақ туындады. Әдетте біз, мұғалімдер қауымы қарым-қатынастың жақсы өтуіне мүдделіміз. Ал қарым-қатынас қандай жағдайда жақсы болады? Әрине сен сыныбыңдағы әр оқушыны өте жақсы тани алған жағдайда. Тек сонда ғана өзіме мына сұрақтарды қоя аламын:

Сыныптағы оқушылар үшін жаңаша құрылатын оқыту үдерісінің маңызы бар ма?
Мен оларға қандай жаңалық ұсына аламын?
Мен оны қаншалықты қызықты, сонымен бірге мазмұнды ете аламын?
Менің әдіс-тәсілдерім қаншалықты түсінікті және қарапайым?
Оқушыны уәждеу үшін неден бастаймын?

Оқып жатқан курстың талаптарына сәйкес бұл сұрақтарға нақты жауап беру үшін оқыту үрдісінде менің алдымда тұрған мәселе: мұғалім ретінде менің оқытуға деген көзқарасымның өзгеруі. Оған әсер етуші және қозғаушы күш — курстың бағдарламасының өзектілігі. Сонда мен бұрынғыдай дайын білімді балаға жеткізуші емес, білім көздерін анықтап, балаға дұрыс бағдар беріп бағыттаушымын. Ал оқушы әртүрлі ақпарат көздерінен сусындап, өз түйінін айта білу керек. Сонымен бірге өз тобымен ұйымдасып, пікірлесіп, ең ұтымды жауапты іздейді. Әр оқушы өз идеясымен бөліседі. Осыған орай бұрын оқушы ешқандай пікірталасқа, дискуссияға түспеген бе?- деген заңды сұрақ туады. Жоқ бұрын да әр түрлі әдіс арқылы сабақты жүйелеп өткізетінбіз. Дегенмен, онда басты нысан мұғалім мен оқулық болатын. Оқушы болса тек қабылдаушы деп танылды.Ал қазіргі сәтте менің алдымда оқушылардың білімге деген ынтасын арттырып,танымдық іс-әрекетті іске қосу міндеті тұр. Оқушы мұғалімнің сөзін жалыға тыңдаушыдан белсенді, ізденуші, ойланушы дәрежесіне дейін көтерілуі үшін жоспарлы әрекет етемін. Сол арқылы оқушының роліне жаңаша көзқараспен қараймын. Аз күнгі мектептік тәжірибе кезеңінде мен ол өзгерістерді қаншалықты енгізе аламын? «Маған жақсы мұғалім қымбат, өйткені ол мектептің жүрегі,» — деген ұлы ағартушы Ыбырай. Ал дәл қазір осы тұжырымды «мектепке баланың әрекетін зерттейтін мұғалім қымбат, өйткені олар бүкіл білім саласының жүрегі», — дер едім. Жүрегіме Пажарес негізгі құндылық деп есептеген сенімді ұялатып, көзқарасымды өзгертуге қадам жасаған маған енді осы «білім беру пирамидасындағыдай» шешімдер қабылдауға тура келеді. Сонда ғана табысты оқытуға жетуге болады.

Бұл бағдарлама құзырлы мұғалімнің алдына оқушының жан-дүниесін түсіне білу жөнінде нақты міндеттеме қойып отыр. Құзырлы оқытудың маңызды факторы мұғалімнің оқушының тақырыптың мәнін өз бетімен меңгеруін түсінуі мен бағалай алуы болып табылады. Мұндай тәсіл бұл үдеріске оқушының өзінің де қатысуын талап етеді. Осылайша біз оқушының өз оқуы үшін жауапты болатынын байқаймыз. Оқушы оқыту үдерісінде жауапты болуы үшін мұғалім қолайлы орта мен жағдай туғызу керек. Сондықтан да менің бойымда Шульман үш көмекші деп атаған қасиеттер болған жағдайда табысты оқытуға қол жеткіземін. Өздігінен білім алуға ұмтылу үшін оқушыда жеке еркіндік, таңдау,ынта, сезімдерінің мәні зор деп танылған. Ынтаның иерархиялық моделін әзірлеген А.Маслоу (1968) төменгі деңгейге психологиялық қажеттіліктерді орналастырса, жоғары деңгейге-өзін — өзі көрсете, таныта білуді қойды. Ол: «Төмендегі деңгейде ынта жоғары деңгейге қарағанда анағұрлым күшті болады. Төменгі деңгейдегі қажеттіліктер қанағаттандырылған жағдайда ғана келесі деңгейге өтуге болады», — деп сендіреді. Бұл модель менің көңіліме неге қонды? Менің сыныбымдағы оқушылардың әлеуметтік жағдайы әртүрлі. Сонда өмірлік қажеттіліктері қанағаттандырылмаған оқушыда өзінің «менін» тануға ұмтылушылық қайдан болады? Осы талдау құралын пайдалану арқылы мен сыныбыма толыққанды зерттеу жүргіземін.

Зерттеу жүргізуде Кембридж университетінің тәсіліне сәйкес кәсібилік ұғымының діңгегі —зерттеу жүргізе білу қабілеті, яғни басқалар солай болуға тиіс деп қабылдаған ерекше жағдайларда сұрақ қоя білу. Сол арқылы іс—әрекеттегі зерттеуге қарай жасалатын бес қадамды жасасам, сыныптағы ахуалды жақсартамын. Бұл тәсіл өзімді қажетті рольде көріп, таным мен даму әлемінде оқушыларға бағдар беріп, өзін — өзі сыни тұрғыдан қарастыра білетін жан ретінде танылуына мүмкіндік беретін тәсіл. Ол зерттеулерді жүргізуде жұмыс тиімді болу үшін өз уақытымды бөліп, күніне байқағанымды жазып отыруым керек. Осы арқылы оқушыларымның өз бетінше білім алуындағы кедергіні анықтап, жоспарлы іс—әрекеттерді бақылап, талдау жасау арқылы жинаған деректерімді қайталама жоспардың түзету жұмыстарына өзек ретінде қолданудамын.

Пайдаланылған әдебиеттер:

[1] Момынқұлова А. Оқушыға бағытталған класс, тыңдаушыға бағытталған жазу //Оқу мен жазу арқылы сын тұрғысынан ойлау/ Жауапты редактор: С.Мирсеитова. А.: Баспахана «Комплекс», № 2. 2001. 7 — 8 бб
[2] Іргебаева Ә. Дьюи лабораториясы // 4-ші Ұлттық конференциядағы мүдде бойынша жиналған топ жетекшілерінің есептері: Дауыс пен көрініс/ Жауапты редактор: С.Мирсеитова. А.: ТОО «Верена» № 3. 2003. 19-23 бб
[3] Мұғалімге арналған нұсқаулық // Қазақстан Республикасының жалпы білім беретін мектептері педагогтерінің біліктілігін арттыру курстарының бағдарламасы / 6-55 бб

Категория: