Девятый Республиканский творческий конкурс «Наурыз — көктем мейрамы» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана

 

 

 

Оқыту үшін бағалау — оқушы белсенділігін арттырудың ең тиімді жолы

IV международный творческий конкурс «Весна идёт — весне дорогу!» для детей, педагогов и воспитателей Казахстана, стран ближнего и дальнего зарубежья

 

 

Муртазина Ардақ Тельжановна, бастауыш сынып мұғалімі Шашубай кентіндегі «Мектеп—балабақша кешені» КММ Ақтоғай ауданы, Шашубай кенті

Муртазина Ардақ Тельжановна

Білім алу мен даму, қашанда болса өзгеріс сатысында болмақ. Міне сондықтан да, білім беру жүйесіндегі біздер баға берудегі өзгерістерді жетік білуге тиіспіз. Өзім кіші мектеп жасындағы бүлдіршіндердің оқытушысы болғандықтан, балаларды дамытатын бастауыш мектеп бағдарламасының жас балалардың білімінің өсуін үздіксіз баптап, балалардың өздері мен олардың дүниесін түсінуге бағытталуын құптаймын. Білім берудегі жаңа бағыт бағалаудың жаңа жолдарын ұсынуда. Осы жаңа тәсілдерді оқу тәжірибеме енгізуде біршама қиындықтармен қатар, ауыз толтырып айтарлық табыстарға да жеттім деп айтуға негіз бар сияқты. Оған осы байқауға қатысу мүмкіндігі тиген сәтте, жасалған жұмыстарды ой елегінен өткізе отырып көз жеткіздім.

Қазақстан Республикасы педагог қызметкерлерінің біліктілігін арттыру үшінші деңгейлі бағдарламасын меңгергеніміз жайлы заңды құжатқа қол жеткізіп, жаңа қарқынмен оқу жылын да бастадық. Әр модульді тәжірибеге енгізіп, қолданғанда жан-жақты ойланып, ой сүзгіден өткізу арқылы оқытудың қиындықтарын анықтау, жетістікке жеткендігін көрсететін кері байланыс, уәж, болжау мен сұрыптау, стандартты бақылау және орындау, оқыту бағдарламасының мазмұнын және білім беру стилін бақылау мақсаттарын басшылыққа алу керектігін түсіндім. Әр сабақта бағалауды өткізу үшін оқушылардың нені білетіндігін және не істей алатындығын, сонымен қатар олар қандай қиындыққа кездесуі мүмкін екенін анықтау қажет. Сыныпта өзара іс- әрекетті, яғни оқушылардың әңгімесін тыңдап, тапсырманы орындап отырғандарын бақылау, үй жұмыстарын тексеру арқылы бірталай ақпарат алуға болады. Енді бірлесе жұмыс үстіндегі әрекеттер кезіндегі оқушылардың нені білетінін және одан әрі дамуы үшін қандай қадамдарды белгілеу керектігі туралы ойланып, сабақтарды осыған қарай икемдедім. Жоспарға түзету енгізу үшін әр оқушының үй тапсырмасын орындаудағы қиындықтарын анықтадым. Дербес оқу тапсырмасының кей оқушылар үшін жаңалық, яғни олар әлі де мұғалімнің көмегіне сүйенгісі келетінін байқадым. Осы арада сыртқы қолдау, яғни ата-ананың сүйеніш болуына себеп болып, олармен әңгімелесіп, балаға қолдау көрсетулерін, берілген тапсырманың орындалуын қадағалауды өтіндім.

Оқытудың жаңа тәсілдері: топпен жұмыс, бірлесе жұмыстың арқасында аз уақытта біз бірталай жетістікке жеттік. Оқушылар дайын білімді алушы оқушыдан дербес, сыни ойлайтын оқушыға айнала бастады. Олардың ішкі уәждеріне түрткі болып, тәсілдер таңдауда ішкі кәсіби түйсікпен жасаған әрекеттерімнің азғана табысын көру мені қуанышқа бөледі. Оқушылардың нені білетіндігін анықтап, одан әрі жаңа сабақпен байланыстырып, үздіксіз білімге қол жеткізу үшін сұрақтар тобын дайындап, өткен сабақпен байланыстырып отырдым. Дербес оқудың нәтижесі, оқығанын немесе алған білімін кез келген уақытта пайдалана алу дағдысы әр сабақта көрініс таба бастады. Оқушылардың әр жауабын тыңдап қана қоймай, басқа балалардың назарын аудару үшін әр сабақтың қорытынды бөлімінде оқушылардың жаңа сабақты игеруде жасаған жұмыстарын, жаңа білімді алудағы әрекеттерін бір жүйеге келтіру үшін топтарда талқылау кезінде не үйренгенін сұрап, олар талқылаған сұрақтарының ерекшеліктері мен айырмашылықтарын түсіндіруге тырыстым. Сол арқылы оқушыларды оқудың басқы нүктесіне, оның алдында білгендеріне кері жетелеп отырдым. Бұл не үшін қажет? Оқушылардың бұрынғысы мен жаңа білімнің арасын байланыстыру үшін керек. Тарау бойынша білімдерін ой сүзгілерінен өткізу және ұзақ мерзімді есті қайта жаңғырту үшін құрастырылған әр деңгейлі тапсырмалар тобын орындауда оқушыларым ойларын жинақтап, менің білгім келген сұрақтардың жауабын дәл тауып, жауап бергенімен қоймай, әр топ басқа екі топтың жауаптарын мұқият тыңдап, түзетулер енгізді. Оқушылардың бойында өзінің жұмысына баға беру, басқа құрбысын әділ бағалау қасиеттерін әрі қарай дамыту үшін мен келесі қадамдарды белгіледім:

• Әр баланың кеміс жерлерін тапқаннан көрі, олардың жетістіктерін атау;
• Нұсқауды мәлімдеу — балаға нені оқыту керектігі мен қалай оқыту керектігін анықтау;
• Ата-аналар мен мұғалімдер, мұғалімдер мен оқушылар арасындағы бірлескен, белсенді қарым-қатынасты қамтамасыз етуі тиіс;
• Оқушылардың тиімді білім алуына және табысқа жетуіне ықпал етуі керек.

Мен оқушыларымның ақылы, ойы өскенін күнделікті қарым — қатынаста бақылау арқылы білемін. Олардың ақылының, ойының өскенін бағалау үшін мен ұдайы оқуым керек. Іздену, білім қорын құру арқылы менің кәсіби түйсігім қалыптасады, іргетасы қаланады. Джон Дьюи: «нағыз еркіндік білім қорының толығуымен үздіксіз қатынаста болатын рефлективтік ойлаудан шығады,» — дейді.

Мен оқушыларды бағалау жұмысы үш түрлі жолмен іске асатынына көзім жетті, яғни бақылау кезінде, оқушылармен қарым-қатынас жасағанда және оқушылардың әрекеттеріне талдау жасаған кезде бағалай алатынымды түсіндім.

Бақылау — мұғалімнің сабақ кезіндегі оқушылардың іс —әрекетін бақылау үрдісі. Мен оқушылардың сыни ойлауларын, шығармашылық қабілеттерін дамытуға арналған тапсырманы орындау барысындағы бақылаудың нәтижесін айтып көрейін. Топтық жұмыс үстіндегі балаларды бақылап көрсем, әр топтан қабілетіне қарай оқушылар жұмысқа кірісіпті. Осы топтастыру арқылы мен оқушыларымның осы тарау бойынша не түсінгендерін, өздеріне не алғандарын, күнделікті өмірде ол жайлы қолдана ала ма, жоқ па соны білгім келді. Тапсырма аса күрделі емес, оқушылар топтастыру жасауға бірден кірісіп, қызу талқыласып жатты. Дильназ бен Санжар бір топта, олар «еңбек» сөзіне топтастыру жасап жатты. Әлішердің тобы «батырлық» сөзіне топтастыру жасады. Оқушыларды бақылау кезінде Дильназ бен Санжар еңбек сөзіне қатысты тоқ дегенді Санжар Дильназға дәлелдей алмай қиналды. Санжар отбасы орыс тілді, өз ойын жеткізуге қиналатын оқушы. Бірақ өте алғыр, ұқыпты, тиянақты, сыныптағы үздік оқушының бірі. Топпен қарым — қатынасқа тез түседі, жауапкершілікті жылдам сезінеді, көшбасшылық қасиетке ие, өз ойын тез жинақтайды.Осы жағдайда Санжар өзін тез реттей алды. Топтық жұмыстың уақытында және дұрыс орындалуы үшін өз білімін ортаға салды. Дильназ бұл тапсырмада жазушы ролін алған. Бірақ Санжар өз ойын дәлелдемейінше, жауапты қабылдамай қойды. Дильназ да жақсы оқитын, жауапты, тиянақты, ұқыпты, бірбеткей, табанды мінезімен танылған оқушы. Ол да топтың жұмысының жақсы бағалануына мүдделі, сондықтан Санжардың сөзінен дәлел тосады.Санжар да бұл тығырықтан өзінің білімін, естігенін, күнделікті өмірде көргенін еске түсіріп, қолдана алды: «тоқ» дегеніміз егер, адамның жұмысы болса, ақшасы бар болса, отбасын асырай алса ол тоқ деді. Кішкентай оқушыларымның еңбектің мәнін, өз ата- аналарының еңбек арқылы өздерін асырап, жеткізіп жүргенін түсінгендері, күнделікті өмірдегі тіршілік үшін қамын бүгінгі сабақпен байланыстырып, білімі мен тәжірибесін қолдана алғандары мені қуантты. Олардың ойларының өскенін байқау мені жан ләззатына бөледі.

Әлішер Дильназ бен Санжарға қарағанда оқу үлгерімі әлсіздеу, қимылы жылдам болғанмен, тез ойлай алмайды және көбіне басқа оқушылардың пікіріне сүйенеді. Өз білімін басқамен салыстырып, өзіне сенбей қалатын сәттері кездеседі. Бірақ оқуға ішкі әлеуеті жетеді, оны өзінің байқағысы келмейді. Мен бүгінгі әрекетінде де өз ойының дұрыстығына сенбей жалтақтап тұрғанын байқап жанына барып, өте тамаша жұмыс жасап жатырсыңдар деп мақтап едім, Әлішердің көзі жайнап, жұмысына белсене кірісті. Әлішер өз тобына өзінің ойын айта бастады. Оқушыларымның осы тапсырма барысындағы әрекеттерін ой елегінен өткізіп, талдау жасап, ой қорытып көрсем: Оқушылардың ойлануына, ойларына түрткі болатындай мұндай тапсырма, жаттығулар оқушыны сыни ойлауға, ойлануға жетелейтінінің дәлелі. Осы бақылау арқылы мен өзіме Әлішердің топтағы белсенділігін арттырып, өзіне деген сенімін нығайтсам, оқу белсенділерінің қатарын толықтырады — ау деген ойға қалдым. Білім беру үрдісінің жаңа тәсілдерін меңгермесем, алдымыздағы талай оқушының ішкі уәждеріне түрткі болу сол күйінде қалып қояр ма еді деген ойға келдім. Әлішердің осы әрекетін келесі сабақ жоспарымда ой жұмысының нәтижесін көру үшін енгізуім керек деп түйдім. Әлішер тапсырманы өзі орындағаннан гөрі менімен немесе өз құрбыларымен орындағанды жақсы көреді. Выготскийдің тұжырымдауынша мұндай әрекеттер сыни сәттерге жетелейді. Сонда мұғалім оқушылардың білім дәрежесін, сыни ойын жарыққа шығарады.

Бұл оқушылардың өзін-өзін бағалауын және өзіне деген сенімділігін арттыруға көмектеседі. Дәлме-дәл бағалаудың өте маңызды бөлшегінің бірі — ол оқушының өзін-өзі бағалауы. Бұл процесс оқушыға өзінің жетістігін бағалауға және шыққан нәтижеге жауапты болуға мүмкіндік береді. Өздерінің жұмыстары туралы жазған оқушылардың әсері — осының бәрі оқушының жетістігін бақылап отырғанға өте пайдалы. Мұғалім оқушыларды мақсат қоюға, өздерінің жетістіктерін бағалауға араластырса, олардың білім алуға қосатын үлестері артып, жасаған жұмыстарының сапасы өседі. Оқушылар көбінесе, мұғалімдер мен ата-аналарының олардан не күтетіндігін, қалай бағалайтындығын және қандай жетістіктерге жетіп жатқандығын білгенді қалайды.

Балаларды алдарына мақсаттар қоя білуге баулу, олардың өзіндік бағыты бар оқушы болуына себін тигізеді. Балаларға мен не үйрендім деген сауалға ойлану мүмкіндігін бергенде, мұғалім олардың шынымен біраз жетістікке жеткен екендігіне көздерін жеткізеді, немесе олардың бұрын білмеген заттарын ендігі біліп, танысқандығын аңғаруға мүмкіндік береді. Енді бір балалар кей нәрселерді бірінші рет жасап көргендігін аңғарады. Осы уақыт аралығында жасаған жұмыстарының үлгілерін көргенде, әжептәуір жетістікке жеткендеріне көздері жеткенде, олар өздерінің өсіп-жетіліп жатқандығына нақты дәлел алатын болады.

Баланың мүмкіндігі мен жетістіктерін сенімді, әділ бағалау үшін, бағалау процесі терең зейінмен, сыныпта жасалған жаттығуларда үздіксіз жүргізілуі тиіс. Формативті бағалау оқушының нақты білімін көрсете алмайды деген пікірді жақтаушыларға айтарым: оқушыға сенім білдіріп, олардың пікірімен санасқан кезде өз біліміне сенімді, мақсаты айқын, өзінің жетістігі мен кемшілігінің ара жігін ажырата алатын толыққанды жеке тұлға қалыптастыра алғандығыңыздың куәсі боласыз. Баға — оқыту үдерісіндегі қозғаушы күш. Сыни тұрғыдан алып қарасақ, оқушылар өздерінің білімінің толығуына көмектеседі, осыған қарап біз өзіміздің жұмысымыздың нәтижесін көреміз, бұл кәсіби өсуімізге әсер етеді.Осыдан біз білім берудегі басты қозғаушы күш екенімізді естен шығармауымыз керек. Оқушыларға және олардың оқуына өзіміздің берген біліміміздің көрінісін көру үшін айнаға үңілгендей қарасақ, кәсіби өсуіміз туралы ойлану үшін тиімді пайдаланамыз.

Категория: